Сарттарова, Л.Т. Тігін бұйымдарын конструктивті үлгілеу

Кейде конструктивті сызықтар әрлеуіш сызықтардың рөлінде болады, мысалы, бедер сызықтар, жағаның, қалталардың контурлары, бүкпелер, мойын ойындысының ойығы және т.б. Әрлеуіш сызықтар көйлектің конструкциясын өзгертпей, оның әрлеуіші ретінде (белдік, өңіржиектер, кестелер және т.б.) негізгі пішінін байыта түседі. Бірақ күнделікті киюге арналған бұйымдарға қарағанда, сәнді бұйымдарда көркем айқындылыққа қол жеткізу үшін әрлеуіші де, уақ-түйегі де күрделі болу қажет. Сәннің қазіргі бағыты үшін киім үлгілерінің Үйі әйелдер киімінің бірнеше силуэттерін ұсынады. Бір кезеңде бірнеше киім силуэтінің болуы қазіргі сәннің алуандығын, өндірістің халық сұранысын қанағаттандыруға ұмтылып жатқандығын білдіреді. Үлгілердің Үйі қазіргі әйелдер киімінің бірнеше сипатты силуэттерді ұсынады. Жартылай қынамалы силуэт кеуде сызығы бойынша аз ғана көлеммен, денебітімге қыналуымен, бел сызығы бойынша қыналуымен сипатталады. Қыналу дәрежесі әйелдің денебітіміне байланысты. Бұйымның бел сызығының деңгейі денебітімдегі оның деңгейіне әрқашанда сәйкес келе бермейді, яғни бұйымның бел сызығы оның қалыпты жағдайынан жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Белдемше етегіне қарай кеңейтілген, оның етегінің кеңею дәрежесі де денебітімге, әсіресе бөксе сызығы бойынша толықтығына байланысты. Ол бөксе сызығынан бастап етегіне қарай кеңеюі мүмкін, бөксе сызығынан ашылған қатпарлармен бола алады. Жалпы силуэт денебітімді айқындамай, оның кескінін қайталайды. Силуэттің пішіні иықтан және қолтық ойындысынан шыққан тік бедер сызықтарды, бүкпелерді, иініштерді, бедер сызықтардағы қатпарларды қолдану арқылы алынады. Бедер сызықтар артқы бойда жауырын тұсына, ал алдыңғы бойда кеуде тұсына дөңестік беретіндей орналасады. Нымшаға, жағаның пішіні мен өлшеміне көңіл аударылған. Жеңдер қондырмалы, тұтас пішілген, реглан пішімді болуы мүмкін. Барлық силуэттердің ішінде жартылай қынамалы силуэт қолайлы киімде көбірек қолданылады. Бұл силуэт әртүрлі жастағы көптеген денебітімге сәйкес келеді, ол әйел киімі ассортиментінің көп түрінде қолданылады. Тік силуэт киімнің ассортиментіне байланысты бірнеше түрге бөлінеді: бірінші - кеңдікке берілетін қосымшасы аз ғана цилиндрлі. Бұйым етегінің тарлылығы жоғарғы бөліктің бөлшектеріне назар аудартуды талап етеді; екінші - кеңдікке берілетін қосымшасы көп «жейде», әсіресе көйлектік ассортиментте қолданылады, бұл силуэт иық қиығының ұзартылуымен жиі сипатталады; үшінші - дәстүрлі; бұл түрдің бұйымдарының силуэті бел сызығы бойынша кесілмеген. Олардың пішімдері негізгі сызбаға сәйкес келеді. Тік силуэттегі бұйымдардың жеңдері қондырмалы, тұтас пішілген, және реглан пішімді болуы мүмкін. 58

RkJQdWJsaXNoZXIy MTExODQxMg==